Ғалымдар бұл ретте өз ойларын ортаға салып, ұсынылып жатқан нұсқалар туралы пікір алмасуда. Сыр өңіріндегі ең ірі білім ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары да облыс, қала, аудандарға шығып, түсіндіру жұмыстарына атсалысып жатыр.
Ел арасында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасау дегенді латын тіліне көшу деп түсінушілік те бар. Бұл тарапта біз латын тілі деген тілдің жазуда ғана пайдаланылатын өлі тіл екенін және латын әліпбиінің барлық тілдерге ортақ графика екенін баса айтқымыз келеді. Оның үстіне жаңа қазақ әліпбиінің біздің ақпараттық жүйеге еркін енуіміз үшін, қазақ тілінің кирилл әрпін пайдалану кезінде бұзылған орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтарын қалпына келтіру үшін де маңызы зор.
Қалай болғанда да, жаңа әліпби нұсқасын қабылдау – болашақ ұрпақ үшін де, тіл тарихы үшін де филолог мамандардың иығына түсіп отырған жауапкершілігі мол іс. Сол себепті, латын графикасына негізделген әліпбиді жаңа дүние екен деп шошына қарамай, қайта кезінде Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған әліпбиіміздің қайтып оралуы, ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың тілімізді өз даму жолына салуға қатысты мәселені дер кезінде қолға алуы деп білуіміз керек.
Енді 9 қазан күні Ақордада өткізілген жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы туралы өз ойымызбен бөлісейік. Жасыратыны жоқ, жаңа әліпбидің бұған дейінгі Парламент Мәжілісінде ұсынылған әліпби нұсқасының көңілге қонбайтын тұстары бар болатын. Мәселен, қазақ тілінің жалғамалы (агглютинативті) тіл екенін ескерсек, нұсқадағы 8 диграфтың
(Ng-ң, Gh - ғ, Ch - ч, Zh - ж, Sh - ш, Ae - ә, Oe - ө, Ue -ү) берілуі жазу үшін тек қиындық туғызып қана қоймай, оқу кезінде де шұбалаңқы әріптер тізбесі көз сүріндірер еді. Мысал келтіретін болсақ, «жаңаша» сөзі диграфтармен берілген нұсқада «zhangasha» болып 6 әріптің орнына 9 әріп түсіп шұбатылып шыға келді. Ал, қазақ тілінде екі дауысты дыбыстың қатар келмейтінін ескерсек «ә» әрпінің «ае» күйінде қосарланып келуі түрлі орфографиялық қателерге жол береді. Сол себепті де қазақ әліпбиін ауыстырудағы басты талап – қазақ тілінің табиғи қалпынан туындайтын төл заңдылықтарын ескеру болып табылады. Ол үшін бір дыбыс – бір таңба, басы артық әріптерге жол бермейтін ықшамдылық, тілдің дамуына жол ашатын икемділік сияқты өлшемдер назарға алынуы тиіс.
Осы өлшемдер 9 қазан күні Елбасына ұсынылған соңғы нұсқада ескерілген, яғни, бір дыбысты бір әріппен беру жазуға да ыңғайлы, оқуға да жеңіл. Біздің ойымызша, апострофтан қорқудың қажеті жоқ, кирилл жазуындағы 42 әріпті меңгерген әлеумет, жазуға ыңғайлы 32 таңбаны оңай-ақ үйреніп алады. Оның үстіне, болашақ кілтін ұстаған жастар қауымы әлеуметтік желіде латын әрпімен жазуға қалыптасып кеткелі қашан. Олай болса, болашақ ұрпақ қамын ойласақ, төл тіліміздің дамып өркендеуіне жол ашатын, әлем тілдерінің қатарына қосылуға мүмкіндік беретін жаңа әліпбиіміз туралы келте ойламай, үйренуге енжарлық танытпай, үлкен істерге жұмыла кірісейік дегім келеді.
Күлдірсін САРЫШОВА,
филология ғылымдарының
кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры